• Register

ІІ Әлем чемпионаты пресс релиз, 2012

Тоғызқұмалақты дамыту – елдігімізді таныту!

- Мақсат Есенбекұлы, тоғызқұмалақ ойынының халықаралық деңгейдегі даму барысына көз салсақ, толымды жетістіктердің бар екенін байқауға болады. Бұл, әрине, Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Қауымдастығы мен Қазақстан Республикасы спорт және дене істері агенттігінің атқарған жұмыстарының арқасында болар. Жалпы тоғызқұмалақтың қазіргі кездерде шет елдерде насихатталуы туралы не айтасыз?

     - Осыдан алты  жыл бұрын тоғызқұмалақтан халықаралық жарыстар тек Қазақстан мен Қырғызстанда ғана өтіп, оған тек Орта Азия деңгейіндегі спортшылар қатысса, бүгінгі күні өткізіліп жатқан жарыстардың саны мен аумағы көз тойдырады. Бұл, әрине, Қазақстан Республикасы Тоғызқұмалақ Қауымдастығының жүйелі түрде өткізген шараларының арқасында болды. 2006 жылы қауымдастық төрағасы Алихан Байменов ұлттық ойынға қолдау көрсету үшін көптеген ұлттық компаниялар мен құзырлы мекемелерге хат жазды. Осы хаттардың арқасында Қазақстан Республикасының Туризм және Спорт Министрлігі 2007 жылдан бастап, тоғызқұмалақты дамыту үшін  жылына 10 млн теңгеден бөлетін болды. Осы жылдан бастап ұлттық ойын Чехия, Франция, Англияда халықаралық зияткерлік олимпиадалардың бағдарламасына еніп, әлемдік деңгейде насихаты арта түсті. Көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Ресейде өткізілген жарыстар мен семинарлардың арқасында ойынды жақтаушылардың саны да өсе түсті. Шетелдердегі шараларды жүйелеп, халықаралық күнтізбелік жоспар жасау үшін республикалық Тоғызқұмалақ Қауымдастығынан да жоғары ұйымның құрылуын заман талап етті.

2008 жылдың маусым айында Орал қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесіне арналған халықаралық жарыс кезінде 7 елден келген делегаттармен бірлесе өткен жиналыста Халықаралық Тоғызқұмалақ Қауымдастығын құру туралы шешім қабылданды. Оның төрағалығына көпшіліктің ұйғарымымен Алихан Мұхамедияұлы Байменов бірауыздан сайланды. Ұйымның штаб-пәтері Астана қаласында орналасатын болып шешілді. Осы жарыс кезіндегі тағы бір жаңалық - бірқатар жанашыр кәсіпкер азаматтардың өз қалталарынан қаржы бөліп, тоғызқұмалақ бәсекелеріндегі жүлденің бәсін арттырғаны. Яғни, тұңғыш рет Алихан Байменовтің бастамасымен тоғызқұмалақ жарыстарына жеңіл көліктер тігілді. Сондай-ақ, осы дәстүрді әр жылдары жалғастырған Д.Идрисов, М.Оңдағанов, С.Мұстафаев, А.Қорғамбаев секілді азаматтарға да тоғызқұмалақшылар қауымының алғысы шексіз.

         Халықаралық Тоғызқұмалақ Қауымдастығының құрылуы құрлықтық және әлемдік чемпионаттар өткізуге мүмкіндік берді. 2009 жылы Азия чемпионаты, 2010 жылы Әлем чемпионаты, 2011 жылы Еуропа чемпионаттары өтті. Көптеген Еуропа, ТМД  елдерінде тоғызқұмалақтың жарыстары дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Мәселен, Ресей, Түркия, Өзбекстанда халықаралық жарыстар 5 рет ұйымдастырылды. Бұл ретте ең қуаныштысы жергілікті ұлт өкілдерінің осы жарыстарға көптеп қатысуында. Сондай-ақ, интернетте www.iggamecenter.сom – сайтында тоғызқұмалақтың  электронды түрде ойнайтын нұсқасы бар. Оны жасаған Канада азаматы – Арти Сандлер. Осы кеңістікте әлемнің 100-ден астам елдерінің өкілдері қазақтың зияткерлік ойынымен шұғылдануда. Қазіргі кезде ойналған партиялардың саны 1 млн-нан асып кетсе, осы сайтта тіркелген 140-тан астам ойындардың ішінде тоғызқұмалақ рейтингте І орында тұр. 

         2012 жылдың мамыр айында Халықаралық Тоғызқұмалақ Қауымдастығы – Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Қауымдастығы ретінде жаңадан тіркелді. Жарғыға сәйкес, ендігі кезекте Әлем чемпионаттарын өткізу құқығы тек осы қауымдастыққа ғана тиесілі болды.  

- 2012 жылдың шілде айында Чехияның Пардубице қаласында тоғызқұмалақтан ІІ Әлем чемпионаты өтті. Осы чемпионаттың өту барысы туралы, қандай мемлекеттер қатысқаны, кімдер ұйымдастырушы болғаны туралы тарата айтсаңыз?

        - Тоғызқұмалақтан ІІ Әлем чемпионаты шілде айының 16-20 жұлдызы аралығында өтті. Оған АҚШ, Германия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Латвия, Украина, Швейцария, Түркия және Чехия мемлекеттерінен 50-ге жуық спортшы қатысты. Жарыс ерлер және әйелдер арасында бөлек өткізілді.  Чемпионатты Чехияда өткізу туралы шешім 2010 жылы 1 қараша күні Астанада өткен Қауымдастықтың жиналысында шешілген болатын. Чемпионаттың жоғары деңгейде өтуіне Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Қауымдастығының төрағасы Алихан Байменовтің еңбегі ерекше болды. Жүлде қорын дайындау, бағалы сыйлықтармен марапаттау жағының барлығын төрағаның өзі қамтамасыз етті. Чемпионаттың Еуропада ұйымдастырылуына  Чехия Тоғызқұмалақ Қауымдастығының төрағасы – Хана Котинова  және АVE-Contakt халықаралық ұйымының төрағасы – Ян Мазух та мол еңбек сіңірді.  

Тоғызқұмалақ жарысы шапшаң(блиц), белсенді (рапид) және классикалық жүйе бойынша өткізілді. Белсенді жарысқа кез-келген спортшы қатысу мүмкіндігіне ие болса, шапшаң ойнау мен классикаға әр елден 2 ұл және 2 қыз қатыстырылды. Ерлер арасында – 29, қыздар арасында – 18 спортшы қатысты.Чемпионат ерлер мен қыздар арасында 3 біліктілік бойынша өтті: блиц (әрқайсысы 7 минуттан), рапид (әрқайсысы 25 минуттан), классика (әрқайсысы 90 минуттан). 
Жарыс қорытындысына сәйкес, блиц бойынша 1-орынды Айдос Сейітжан (Қазақстан), 2-орынды Хәкімжан Елеусінов (Қазақстан), 3-орынды Кубан Сазаев (Қырғызстан) иеленсе, қыздар арасында 1-орынға Әсел Далиева (Қазақстан), 2-орынға Фарида Әуесбаева (Қазақстан), 3-орынға Эльмира Құдайбергенова (Қырғыстан) жайғасты.

Ерлер арасындағы рапидтен 1-орынды Серік Ақтаев (Қазақстан), 2-орынды Айдос Сейітжан (Қазақстан), 3-орынды Мақсат Шотаев (Қазақстан), қыздар арасында 1-орынды Диана Кенина (Қазақстан), 2-орынды Фарида Әуесбаева (Қазақстан), 3-орынды Гүлжан Мағауова (Қазақстан) иеленді.
         
 Классика бойынша ерлер арсында 1-орын Хәкімжан Елеусіновке, (Қазақстан), 2-орын Сайлан Матыловқа (Қазақстан), 3-орын Мирлан Құдайбергеновке (Қырғызстан) бұйырса, қыздар арасында 1-орынды Әсел Далиева (Қазақстан), 2-орынды Диана Кенина (Қазақстан), 3-орынды Гүлжамал Сарыкеева (Қырғызстан) алды.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне  қатысқан  Алихан Мұхамедияұлы жеңімпаздар мен жүлдегерлер сапынан Қазақстан спортшыларын ғана емес, басқа елдің спортшыларын да көргісі келетінін, бұл үшін олардың жоғары дайындықпен келуі керектігін жеткізді.

- Алғашқы әлем чемпионатымен салыстыра отырып, бұл чемпионатта өнер көрсеткен спортшылардың  ойын өрнегіне қандай баға бересіз? Жарыс барысында қандай жаңа тактикалық тәсілдер, жаңалықтар орын алды? 

- Алғашқы чемпионатқа қарағанда, бұл жарыста тоғызқұмалақтың теориялық жетістігі деп көрсететіндей, кейінгілерге үлгі болатындай партиялар көп бола қойған жоқ. Қыздар арасында Ә.Далиева мен Д.Кенина ойыны жаңалығымен ерекшеленсе, ұлдар арасында көптеген партиялар позициялық ойындар ретінде тіркелді. Яғни, ерлер жағы өз партияларына өте сақтықпен қарап, тәуекелге барғысы келмеді. Жеңімпаз болған Х.Елеусінов (Қызылорда) пен Ә.Далиева (Қызылорда) қарсыластарын өзі таңдап алған позициялық басымдылықтар арқылы оңай ұтып отырды.      

  - Жалпы ІІ Әлем чемпионатына басқа елдердің қатысу деңгейі алғашқы чемпионатқа қарағанда аз сияқты? Бұл қандай жағдайларға байланысты?

- Бұл чемпионатта 10 елдің өкілдері қатысуының өзі де жетістік.  Алғашқы чемпионат Қазақстанда болған кезде, оған 16 елден спортшылар қатысты. Ол кезде спортшылардың барлық шығындарын Халықаралық Тоғызқұмалақ Қауымдастығы мен Спорт Министрлігі көтерген болатын. ІІ Чемпионатта барлық шығын қатысушылардың өз қалтасынан немесе қауымдастықтары тарапынан төленді. Қазіргі кездегі Еуропадағы қаржы дағдарысы қауымдастықтар мен спортшыларға да әсер етіп отыр. Осыған байланысты Испания, Белгия, Франция, Голландиядан қатысушылар болмады. Олар ақпан айында Францияның Канн қаласында өткен семинарда қатысамыз деп келісім берген.

- Қазіргі кезде тоғызқұмалақты халықаралық деңгейде дамыту барысында қандай өзекті мәселелер туындап отыр?

- ІІ Әлем чемпионатының барысында тоғызқұмалақты халықаралық деңгейде дамыту туралы шетелдік әріптестеріміздің ойларын білгенімізде, олар бірнеше мәселені алға тартты. Ең алдымен, ағылшын тілінде сапалы жазылған оқулықтардың жоқтығы, оқулықтардың әлем тілдеріне аударылуы, интернетте арнайы сабақтар жүргізілуі, басқа елдерде қауымдастықтардың ашылуы және т.б. Бұл мәселелер алдағы уақытта Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Қауымдастығы тарапынан шешімін табуы тиіс.

- Өзге спорт түрлерінен олимпиада және әлем чемпиондарын марапаттау мәселесі жоғары деңгейде шешілген. Тоғызқұмалақтың жеңімпаздарын қандай марапаттаулар күтіп тұр?

- Тоғызқұмалақ олимпиадалық спорт түрі болмағандықтан, Әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерінарнайы марапаттаулар күтіп тұр деп айта алмаймын. Облыстық спорт басқармалары тарапынан тағайындалған сыйлықтар болуы мүмкін. Осы мәселені қанша рет көтергенімізбен, әлі шешілмей отыр.     

- Басқа елдерде жоғары дәрежелі тоғызқұмалақшылар қалыптастыру үшін не істеу керек? Өйткені екі әлем чемпионатынан кейінгі нәтижелерге қарағанда қазіргі таңда Қазақстанға бәсекелес бола аларлық мемлекеттер жоқ сияқты?

- Егер шет елдіктер тоғызқұмалақтың теориялық жетістіктерімен таныса алмаса, оларда ешқашан өсу, өрлеу болмайды. Сондықтан Қауымдастықтары ашылған елдерге тәжірибелі жаттықтырушылар мен спортшыларды шеберлік сабақтарын өткізу үшін жіберу керек. Бұл үшін Жапон елінің тәжірибесін алу керек. Олар дзюдо мен го ойынын халықаралық деңгейде насихаттау үшін көп елдерде семинарлар мен жарыстар өткізіп, көптеген бағалы жүлделер тікті. Өз елдеріндегі жарыстарға шақырып, олардың барлық шығындарын көтеріп, марапаттап отырды. Осының арқасында дзюдо олимпиадалық ойын түріне айналды, ал го халықаралық 5 зияткерлік ойынның қатарына енді. Қазіргі кездегі экономикасы қарыштап дамып келе жатқан Қазақстанның тоғызқұмалақты дамыту арқылы, еліміздің зияткерлік қасиеттерін, озық дәстүрлерін әлемге танытуға, сондай-ақ, ұлттық ойынды дүниежүзіне танымал 5 зияткерлік ойынның қатарына енгізуге мол мүмкіндігіміз бар.

- Әңгімеңізге рахмет.

 

 

Әлем чемпионатының шығындары

 

1.     Чемпионаттың жүлде қоры: 760 мың теңге

Классика бойынша ерлер және қыздар арасында бөлек:

І орын – 100 мың

ІІ орын – 50 мың

ІІІ орын – 30 мың

Барлығы: 360 мың теңге

 

Шапшаң ойнау бойынша ерлер және қыздар арасында бөлек:

І орын – 50 мың

ІІ орын – 30 мың

ІІІ орын – 20 мың

Барлығы: 200 мың теңге

 

Рапид бойынша ерлер және қыздар арасында бөлек:

І орын – 50 мың

ІІ орын – 30 мың

ІІІ орын – 20 мың

Барлығы: 200 мың теңге

 

   2. Диплом және сувенирлер

 

20 диплом және 50 сертификат  х 200 = 14 000 теңге

3 сувенир х 5 000 = 15 000 теңге

5 Қазақстан футболкасы х 6 000 = 30 000 теңге

 

Барлығы – 59 000 теңге

 

Барлығы – 819 000 теңге

Әлем және Азия чемпионаттары

ҚР жекелей чемпионаттары

ҚР командалық чемпионаттары