Оқушылардың VІ жазғы спартакиадасы, 2012

Тоғызқұмалақтан оқушылардың VІ жазғы спартакиадасы Қостанай қаласында 2012 жылдың 3-7 мамыр аралығында өтті.

Жарыс 6 тақта бойынша швейцар жүйесімен 7 турда өткізілді. 10 облыс, Алматы және Астана қалаларының қатысуымен өткен додада Павлодар облысы ерекше дайындығымен көзге түсті. Құрамында Абылайхан Бауыржан, Байжанов Бахтияр, Фоос Анастасия, Темірханова Әсел сияқты белгілі де беделді ойыншылары бар керекуліктер 3 алтынмен қоса, 1-орынның кубогын да қанжығаларына байлады.

Ал, Қасымханов Абылайхан, Спанова Гүлнұр, Мұхамбетқалиева Айымдарға үміт артқан жарыс қожайындары 2 чемпион шығарып, жалпы командалық есепте 2-орынға табан тіреді.

Қалған 3-орын үшін тартыс соңғы турға дейін жалғасын тапты. Өз тақтасында 7 турдан 7 ұпай жинаған алматылық Рахматуллаева Аружан командасын 3-орынға шығарды. Бұл жетістік оңтүстік астанамыздың тарихында бұрын-соңды болмаған.

Үштікке жарты қадам жақын қалған елорда ойыншылары Құрманов Нұрбек, Балқыбек Ерасыл, Хадылбек Бахытжандар келесі жарыста есе жібермейтіндерін жеткізді. 5-орынға қол жеткізген қарағандылықтарды да атап айтқан жөн, әсіресе, Қожанәсіп Асылхан мен Каримова Лина жекелей есепте күмістен еншіледі.

Қорытындылай келе, ұлттық ойынымыздың жақсы дәрежеде дамуда екенін айтуымыз керек. Жастарымыздың шеберлігі мен ойынға деген құлшынысы көз қуантарлық.

Еліміздің өңір басшыларына айтарымыз, жас жаттықтырушыларға жағдай жасап, тоғызқұмалағымыздың өркендеуіне бірігіп ат салысайық, АҒАЙЫН!